Популярные тэги

«Жапондар әр күннен мән табады»: қазақ кәсіпкері Токиодағы өмірі жайлы айтып берді

Елдос Сүгірбай – Жетісу облысының тумасы. Бүгінде Жапонияда тұратын отандасымызбен ондағы тыныс-тіршілігі, бизнесі туралы сұхбаттастық.


10/03/2026
14:54 216 0

Соңғы уақытта қазақстандықтардың Жапонияға ықыласы артты. Бұрын бұл елге баратын туристеріміздің саны аздау болатын. Қазір Күншығыс елінің мәдениетін танып білуге, тіпті олардың арасында біраз уақыт тұрып көруге ниеттілер көп. Бұған не себеп?  Жапония қазақтарды несімен баурады?

 

Masa media тілшісі бұл сауалдарды Күншығыс елінде кәсібін дөңгелетіп отырған отандасымыз, жас кәсіпкер Елдос Сүгірбайға қойды. Ол жапондардың өмір сүру салты әлемді несімен қызықтыратынын және онда өмір сүретін қазақтар жергілікті мәдениетке қалай сіңісетінін айтып берді.

 

Жапонияда кәсіп ашқыңыз келсе...

 

Елдос Сүгірбай Жетісу облысының тумасы. ҚазҰУ-да білім алып жүріп, 2019 жылы студент алмасу бағдарламасы арқылы Жапонияға жол тартады. Mitsubishi шәкіртақысы арқылы Күншығыс елінде жарты жыл оқиды. Сол кезеңде жапон еліне ықыласы ауып, ҚазҰУ-дағы оқуын бітірген бойда қайта келуді жоспарлайды. Алайда аяқ астынан COVID пандемиясы басталып, шекаралар жабылады. Елдос Қазақстандағы компаниялардың біріне жұмысқа орналасады. Алайда Жапонияда тұрсам деген мақсаты тыным бермей, пандемия аяқталған соң ақыры дегеніне жетеді.

 

Бүгінде ол – Күншығыс елінде кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер.  

 

«Біз жапон зауыттарынан дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларды алып, Қазақстанға жөнелтеміз және туризм саласында қызмет көрсетеміз. Қазақстаннан Жапонияға және Жапониядан Қазақстанға баратын туристерге бағыт-бағдар көрсетеміз: турлар ұйымдастырып, аудармашы және гид қызметтерін ұсынамыз»,  – дейді отандасымыз.

 

Елдостың айтуынша, Жапония үкіметіне жаңа басшы келгелі бизнес ашқысы келетін шетелдіктерге қойылатын талаптар өзгерген.  

«Бұрын бұл елде кәсіппен айналысқысы келетін шетелдіктердің депозитінде 5 млн иен (шамамен 15 млн теңге) болуы тиіс болса, жаңа талап бойынша 30 млн иен (шамамен 100 млн теңге) болуы міндетті. Сондай-ақ, жапон тілін өте жақсы білу талап етіледі. Бұдан бөлек, компанияңызға Жапония азаматтарын жұмыс алу міндеттеледі», – деп түсіндірді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, соңғы 2-3 жылда Жапонияға саяхаттағысы келетін қазақстандықтардың саны артқан.  

 

«Неге десеңіз, Жапонияда тұратын қазақстандықтар соңғы уақытта әлеуметтік желіде блогтарын белсенді жүргізіп, осындағы өмірді насихаттай бастады. Оның ішінде өзім де бармын. Соның арқасында қазақтардың жапондардың тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін тануға ықылас арта бастады. Қазақстандықтар Жапония жайлы бұрын да оң көзқараста болатын, желінің ықпалымен қазір бұл елге қызығушылық тіпті артты», – дейді Елдос Сүгірбай.

 

Жапондардың ұзақ өмір сүруінің сыры

 

Жапондар – әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін халықтың бірі. Олардың кеш қартаятыны, қариялары өз жасынан әлдеқайда жас көрінетіні жиі айтылады. Елдостың айтуынша, мұның сыры – жапон халқының тұтынатын тағамына жіті мән беруінде.

 

«Жапондар өз балаларына бастауыш сыныптан бастап қандай тағамдар пайдалы, қайсы зиян екенін үйретеді. Мектепте арнайы пән өтіліп, оқушыларға тамақтың құрамы түсіндіріледі. Қай тағам адамға қуат беретіні, қайсы ағзада май боп жиналатыны айтылады. Соның арқасында жапондар бала кезден дұрыс тамақтанады. Олардың арасында артық салмағы бар адам ілуде біреу», – дейді отандасымыз.

 

Фото: imag.one

 

Кәсіпкер жапон халқы дәрумендерді, биологиялық белсенді қоспаларды қабылдауға да мұқият қарайтынын атап өтті. Сондай-ақ, олардың өмірінде спорттың ойып алар орны бар.  Жапондар таңертең ұйқыдан тұрғанда ғана емес, тіпті кешке жатар алдында да арнайы жаттығулар жасау, керіліп-созылуды дағдыға айналдырған. Жаяу жүру, алыс жерге велосипедпен жету де  – деннің саулығын басты орынға қоятын халықтың саналы таңдауы.

 

Күншығыс еліндегі қазақтар

 

Елдостың айтуынша, Күншығыс елінде тұратын қазақ жастарының көбі IT саласында жұмыс істейді. Стартаптарын ілгерілетіп, әлемнің дамуына септігін тигізіп жүрген отандастарымыз аз емес дейді.

«Жапониядағы қазақтардың көбі жапон мәдениетін тез сіңіріп, осы халықтың өмір салтына бейімделіп кеткен. Минимализмге, үнемшілдікке ден қойған», – дейді кәсіпкер.

Күншығыс елінде тұратын қазақ блогерлері өз парақшаларында ондағы өмірлері жайлы желіде айтып, жазып отырады. Олардың аузынан жапондар жайлы теріс пікір естімейсің.

 

«Жапониядан мін табу  қиын. Қызмет көрсету саласы қарыштап дамыған. Бұл елде тұрып үйренген адам басқа мемлекетке барғанда қиналып қалады. Қазақстаннан келген туристеріміздің қатты  таңғалатыны – жапондардың шағын аумақтың өзін кең сарайдай көретіні. Қонақүйлері кішкентай, жатын бөлмелері көбіне минималистік үлгіде», – дейді Елдос Сүгірбай.

 

Оның сөзінше, Жапонияға барған қазақтардың таңырқайтын тағы бір тұсы – жапондардың кезекке тұруды жақсы көретіні.

 

Фото: lifeinjapan.ru

«Отандастарымыздың кезек күткенді ұнатпайтынын, қайда жүрсе де кеңдікті қалайтынын білген соң қызметімізге жүгінген адамдарға барынша кең қонақүй алып, баратын жерлерімізді кезексіз броньдап қоюға тырысамыз», – деп ағынан жарылды кәсіпкер. 

Дегенмен, жапон мен қазақтың ортақ қасиеттері де жоқ емес. Елдостың айтуынша, екі халық үшін де үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің мәні зор. Сондай-ақ, қазақтың жеті атадан аспай қыз алыспау дәстүрі бұрын жапондарда да болған деседі. Қазір де Жапонияның кейбір өңірлерінде бұл ғұрып сақталған.

 

Жапондар Қазақстан жайлы не біледі?

 

Қазақтар Жапония жайлы тереңірек білуге ұмтылғанымен, жапондардың Қазақстан жайлы білетіні там-тұм.

 

«Жапондардың көбі қазақтар туралы біле бермейді. Тек белгілі спортшыларымызды немесе әншілерімізді тануы мүмкін. Бірақ Қазақстан жайлы, туристік жерлері, мәдениеті, экономикасы мен саясаты жайлы ақпараттары аз. Тек Орталық Азияда орналасқанымызды біледі. Жапондардан сұхбат алып, Instagram парақшама жиі жариялаймын. Сол сұхбат кезінде Жапонияның кейбір азаматы еліміздің мұнайға бай екенін айтып қалды. Басқа дерек білмейді екен», – дейді Елдос.

 

Десе де, Жапонияда қазақтың мәдениеті мен өнерін көп қазақтан артық білетін бір азамат тұрады. Оның есімі  – Акира Такегучи. Домбыраның құлағында ойнайтын жапон жігіті Токио көшелерінде қазақтың күйлерін тартып, әндерін шертеді. Акирамен көшеде танысқан Елдос оның қазақ өнеріне деген ықыласына тәнті болғанын айтады.  

«Ол тек домбыраға қызығып қана қоймай, қазақ мәдениетіне де терең бойлаған. Алматыда болған кезінде музыка мектептеріне барып, кейін белгілі қазақстандық композиторлармен танысып, бірге өнер көрсетті. Оны мен секілді Жапония қазақтарының желідегі парақшаларынан көрген қазақстандық журналистер сұхбат алып, Акира жайлы арнайы сюжеттер әзірледі. Жапондарға қазақ өнерін қазақтың өзінен жақсы таныстырып жүрген жігітке қалай құрмет көрсетсек те жарасады», – дейді отандасымыз.

Фото: Sputnik/Ертай Сарбасов

 

Екі ұлттың ұғымындағы «бақыт»

 

Елдостың пікірінше, қазақтың көбінің бақытты өмір туралы түсінігі ұқсас: оқысам, үйленсем, балалы болсам, тәуір көлік, зәулім үй алсам, әке-шешеме жағдай жасасам, шетелге шығып, теңіз жағасында күнге қыздырынып жатсам дейді. Ал жапондар үшін «бақыт» ұғымының мәні басқа.

 

«Жапондарда ананы да алсам, мынаны да алсам деген материалдық қалау көп емес. Өзі қалаған мамандықты кәсіби түрде меңгеріп, сол іске өмірін арнап, қоғамға пайдалы болуды армандайды. Бақытты алыстан іздемейді, әр күннен, қарапайым игіліктерден мән табады», – деп түйіндеді кәсіпкер.

 

Поделиться

Нет комментариев.

10/03/2026 14:54
216 0

Уведомление